Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Қайратұлы Күреңбеков пен «Аманат» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Сұлтанұлы Байғоджаев, Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің құрамын қалыптастыру бойынша жұмыс тобының төрағасы Гүлнар Сағатқызы Жошыбаева және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде кеңес төрағасын сайлау, қызмет бағыттары мен аумақтық комиссиялар құру, Қоғамдық кеңестің төралқа құрамын сайлау мәселелері қаралды және жұмыс жоспарының жобасы талқыланды. Қоғамдық кеңеске төраға ретінде Қазыбек Дауталиев ұсынылды. Жұмыс тобы оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін және қоғамға қатысты туындаған мәселелерді шешуге асқан жауапкершілікпен қарап, сабырлылықпен шешуге атсалысатын азамат екенін атап айтты. Кеңес мүшелері аталған үміткерді бірауыздан қолдады. Осылайша, Қазыбек Нұрсеитұлы Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Айта кетейік, Қазыбек Дауталиев – құқықтану ғылымдарының магистрі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент. Алматы облыстық Қоғамдық кеңесі III шақырылымының құрамында болған.

«Жұмыс тобы осы уақыт аралығында өте ыждахаттылықпен жұмыс істеді. Алдымен Алматы облысының Қоғамдық кеңесіне мүше боламын деп өтініш білдірген азаматтардың құжаттарының заңдылыққа сай келетінін іріктедік. Екінші кезеңде, әртүрлі мазмұндағы 5 сұрақ қойылды. Қатысушылар жауапкершілікпен дайындалып келгенін байқадық. Алматы облысының Қоғамдық кеңесі жалпы ең алдыңғы қатарлы қоғамдық институттардың бірі деп айтар едім. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап соны атқарушы билікке жеткізеді. Тек қана халықпен емес, кәсіби тұрғыда атқарушы билікке ұсыныс білдіру құқығына ие. Облыс экономикасы мен әл-ауқатының дамуына да өз үлесін қосады. Іріктеуге 50-ге жуық азамат қатысты. Оның 38-і өтті, 10 адам резервте тұр», — деді жұмыс тобының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар Кеңесінің төрағасы Жошыбаева Гүлнар Сағатқызы.

Сонымен қатар, жиын барысында аумақтық және әртүрлі мәселелер бойынша салалық комиссия құрамы бекітілді. Сәйкесінше, төралқа құрамы анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі мақсаты — азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру.
Ал міндеттері: 1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;
3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.





