Алатау қаласында «Smart City» тұжырымдамасы аясында IT саласына басымдық берілуде. Қала көшелері мен қоғамдық аумақтарында жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған 300 бейнебақылау камерасы орнатылып, 6 ақпараттық-бағдарламалық кешен іске қосылды.
Бұл қадамдар қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, қалалық инфрақұрылымды тиімді басқаруға және коммуналдық қызметтердің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар тұжырымдамадағы негізгі бағыттар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жаңа технологиялық шешімдер енгізілуде.
IT – өңір дамуының басты драйвері
Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект – Алатау қаласы мен бүкіл өңірдің болашақтағы экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші. Осыған орай облыс басшылығы бұл бағыттағы жобаларды барынша қолдап, жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауда.
Алатау қаласындағы арнайы экономикалық аймақ жоғары технологияларды дамытуға арналған ең қолайлы алаң ретінде белгіленді. Мұнда шетелдік және отандық ірі IT-компанияларды тарту бағытында келіссөздер жүргізіліп, инвестициялық жобалар қолға алынуда.
Қазіргі таңда басты міндеттердің бірі – инфрақұрылымды жедел аяқтап, білім беру жүйесін жаңа технологияларға бейімдеу және жас таланттарға мүмкіндік беру. Жасанды интеллект – тек болашақтың емес, бүгінгі күннің нақты шындығы екенін облыс басшылығы ерекше атап өтуде.
Өңірде «Цифрландыру және инновациялық даму» бағыты бойынша нақты жоспарлар әзірленді. Жаңа технопарктер, бизнес-инкубаторлар және стартап-платформалар құру жұмыстары басталды. Жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждерде IT және жасанды интеллект мамандарын даярлау ісіне басымдық берілуде.
Бәсекеге қабілетті болашаққа қадам
Президент атап өткендей, жасанды интеллектті қолдану – енді тек сөз жүзіндегі бастама емес, экономиканың нақты драйверіне айналуы тиіс. Бұл технология өндіріс үдерістерін автоматтандырып, қызмет көрсету сапасын арттырады және құн тізбегінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірдің басты ұстанымы – болашақты бүгіннен бастау. Егер жасанды интеллект, үлкен деректер мен автоматтандыру жүйелеріне уақытылы бет бұрмаса, жаһандық бәсекеде артта қалу қаупі бар. Сондықтан Алатау қаласы бұл бағытта алғашқы қадамдарды батыл жасап, заманауи смарт қала ретінде қалыптасып келеді.





