Әкімнің айтуынша, Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жетті. Биылғы 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемі де 13%-ға өсіп, шамамен 46,4 млрд теңгеге жетті. Қалада 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде құны 1 трлн теңге болатын 18 ірі жоба бар. Бұл – PepsiCo, United Hygiene, «Молочная долина», ASP Arena, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты компаниялардың логистика, АӨК, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндірістері.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, жалпы ауданы 97,9 мың гектарды құрайтын еліміздегі ең ірі Alatau арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оның 24 мың гектардан астам бөлігі қала сыртында орналасқан және агроөнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеуге бағытталған ірі жобаларды қамтиды. Осы өндірістерді қолдау және жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін өнеркәсіптік-логистикалық жаңа АЭА құру жөніндегі әкімдік ұсыныстары да қаралуда. Бұл бастама болашақта Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік және энергетикалық кластерлердің дамуына ықпал етпек.
Бас жоспарды жүзеге асыру аясында Алатаудың сәулеттік келбеті мен заманауи қала құрылысы да басты назарда. «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Gate District аумағында жаңа іскерлік ауданды дамыту жобасын таныстырды. Жоба Iconic building секілді ірі бизнес орталықтарының құрылысын қамтиды. Биыл қыркүйекте Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында аталған жобаны іске асыру бойынша үшжақты келісімге қол қойылған.
Қаланы дамыту қарқыны тұрғын үй саласында да байқалады. Биыл 103 мың шаршы метрден астам жаңа баспана пайдалануға берілді. Сонымен қатар халықаралық сарапшылардың қатысуымен қаланың дизайн-коды мен кешенді көлік схемасы әзірленіп жатыр.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті министрліктер мен Алматы облысы әкімдігіне аталған жобаларды жедел және сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.





