Алатау қаласында бесінші буын желісінің (5G) алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.
Базалық станцияны Алатау қаласының әкімдігі мен Байланыс комитеті бірлесіп орнатты. Сондай-ақ байланыс операторлары мен комитет өкілдері «Заречный» және «Жетіген» шағын аудандарында, сондай-ақ «Алматы – Қонаев» автожолының бойында болып, байланыс сапасын тексерді. Негізгі назар тұрақты сигналды қамтамасыз ету мен қала маңындағы және шалғай аймақтарда желі қолжетімділігін кеңейтуге аударылды.

«Алатау қаласына сапар барысында “Мобайл Телеком-Сервис” компаниясының 5G желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Жаңа станция желінің өткізу қабілетін арттырып, пайдаланушыларды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейін Алатау әкімдігінде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Онда 5G желісін одан әрі енгізу, мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлерге кең жолақты интернет тарту және байланыс сапасын арттыру бағыттары қаралды», — делінген хабарламада.
Ерекше назар білім беру мекемелеріне аударылды. Жыл соңына дейін Алатау қаласындағы барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
Сонымен қатар, 2025–2027 жылдарға арналған Алатауды сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына қол қойылды. Құжат аясында байланыс желілерін кезең-кезеңімен дамыту, жабдықтарды жаңғырту және әлеуметтік нысандарды қосу жоспарланған.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 15 қазанында Сеулде өткен Alatau Rise With Kazakhstan Forum барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге жаңа Алатау қаласын дамыту жобасын таныстырған болатын.
Айта кетейік, Жаңа Alatau City қаласының бас консультанты — сингапурлық маман. Биыл мамыр айында Сингапурдың Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген қаланың Бас жоспары қабылданды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойып, оның еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығына айналатынын атап өтті.





