Tengrinews.kz порталы Alatau City-дегі алғашқы әлемдік деңгейдегі биік ғимарат саналатын Iconic Towers жобасының эксклюзив кадрларын жариялады.
Оңтүстік өңірдегі ең биік ғимарат болмақ
Iconic Towers футуристік форматтағы кешен ретінде жобаланған. Биіктігі 272 метрге жететін нысан Alatau City-де ғана емес, бүкіл Алматы облысы мен Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимаратқа айналады. Бұл көрсеткіш қазіргі Алматыдағы ең биік нысан саналатын 162 метрлік Esentai Tower-ден шамамен 110 метрге жоғары.
Кешен бір подиумға біріктірілген екі мұнарадан тұрады. Негізгі 56 қабатты мұнарада А класты кеңселер мен заманауи апартаменттер орналасады. Ал биіктігі 80 метр болатын екінші мұнарада халықаралық деңгейдегі бес жұлдызды қонақүй ашу жоспарланған.
Жалпы аумағы 276,8 мың шаршы метрді құрайтын кешеннің төменгі бөлігінде мәдени кеңістіктер мен сауда-ойын-сауық орталығы бар үш қабатты подиум салынады. Оның ауданы шамамен 58 мың шаршы метр болады.

«Вертикалды қала» тұжырымдамасы
Iconic Towers жобасы «вертикалды қала» қағидасына негізделген. Бұл бір кеңістік ішінде мыңдаған адамға жұмыс істеуге және өмір сүруге мүмкіндік береді. Тұрғын, іскерлік және қонақүй аймақтары бір-бірінен толық оқшауланбақ.
Сыртқы дизайн әлемдік сәулет саласындағы екі алпауыт компания ұсынған концепциялар арасынан таңдалып, нәтижесінде америкалық SOM жобасы бекітілді. Аталған компания әлемдегі ең биік ғимарат – «Бурдж-Халифаның» авторлары ретінде белгілі. Сондай-ақ олардың портфелінде Нью-Йорктегі One World Trade Center, Чикагодағы Sears Tower және Жиддадағы Ұлттық коммерциялық банк мұнарасы бар.

Құрылысты әлемдік алпауыт компания жүргізеді
Жобаны іске асыру үшін негізгі мердігер ретінде China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы таңдалған. Бұл шешім 2025 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында белгілі болды. CSCEC – әлемдегі жетекші құрылыс компанияларының бірі, Қытайдағы зәулім ғимараттардың басым бөлігін салған.
Компания мамандары жобалау кезінде өңірдің сейсмикалық ерекшелігін ескеріп, жергілікті, қытайлық, еуропалық, америкалық және жапониялық стандарттарға салыстырмалы талдау жүргізген. Қазіргі уақытта америкалық күшейтілген болат каркас технологиясы мен жапониялық энергияны сіңіретін жүйелердің тиімділігі қарастырылып жатыр.

Инвестиция және басқару
Iconic Towers – Alatau City үшін халықаралық инвесторларға бағытталған алғашқы ірі жоба. Қазіргі таңда кешен құрылысына тартылған жеке инвестициялар көлемі 800 миллион доллардан асады.
Құрылыстың ашықтығын атқарушы комитет қамтамасыз етеді. Оның құрамына Alatau City дамыту жөніндегі кеңес мүшелері, халықаралық инвесторлар мен CSCEC компаниясының өкілдері енген. Жобаның девелопмент-менеджері ретінде де CSCEC бекітілді.
9 ақпанда өткен атқарушы комитет отырысында қаржы моделі мен экономикалық тиімділікті арттыруға бағытталған өзгерістер талқыланып, функционалдық алаңдарды қайта бөлу және жерасты құрылысының шығындарын оңтайландыру мәселелері қаралған.
Қашан салынады?
Жоба кестесіне сәйкес, алдағы айларда инженерлік-геологиялық зерттеулер мен тәжірибелік қадаларды сынау жұмыстары аяқталады. 2026 жылғы мамырда негізгі қазаншұңқырды қазу басталмақ. Кеңес беру кезеңі жазда аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама 2027 жылғы сәуірге дейін дайын болады.





