Жыл бойы Әз-Наурыз мерекесі, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні, Конституция күні, қаланың 55 жылдық мерейтойы, Республика күні және Жаңа жыл кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік күндер аясында бірқатар ірі жобалар мен ерекше форматтағы іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Мемлекеттік рәміздер күні өткен флайборд-шоу, қаланың 55 жылдығына арналған ауқымды мерекелік концерт пен думан, Конституция күні 55 метрлік Ту тұғыры нысанының пайдалануға берілуі, Республика күні ұйымдастырылған дрон-шоу, сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында өткен мерекелік концерт пен Coca-Cola керуенінің алғаш рет Қонаев қаласына келуі тұрғындар тарапынан жоғары бағаланды.
Жаз мезгілінде әр апта сайын ұйымдастырылған Aspan fest фестивалі жастарды, шығармашылық ұжымдар мен өнер сүйер қауымды бір алаңға тоғыстырып, қаланың мәдени өміріне жаңа серпін берді.
Мәдениет саласындағы жаңашыл бастамалар инфрақұрылымдық өзгерістермен де қатар жүрді. Былтыр бишілер мен әншілерден құралған «Қонаев әуендері» шығармашылық ансамблі құрылып, қалалық және өңірлік мәдени жобаларға белсенді тартылды. Қалалық мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Сонымен қатар қалалық кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи технологиялармен жабдықталды. Нысанның келбеті түбегейлі жаңарып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып, тұрғындар игілігіне қайта берілді.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында 90-ға жуық ән және би үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 1000-нан астам бала тұрақты түрде қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытуда.
Бұдан бөлек, ономастика саласында да жүйелі жұмыстар атқарылды. Атауы жоқ бес көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, сондай-ақ еліміз бен Қонаев қаласының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімдері берілді.





