Компания мәліметінше, 28 ақпан мен 10 наурыз аралығында БАӘ-ден ұшуы тиіс болған, алайда рейстері тоқтатылған Air Astana және FlyArystan жолаушылары үшін үш арнайы рейс қарастырылған.
Барлық рейстер Алматы қаласына бағытталады. Ұшақтар Маскат қаласынан ұшады:
KC2264 рейсі: Маскаттан 12:30-да ұшып, Алматыға 17:40-та қонады;
KC2258 рейсі: Маскаттан 14:30-да аттанып, Алматыға 19:40-та жетеді;
KC2254 рейсі: Маскаттан 16:30-да ұшып, Алматыға 21:40-та келеді.
(Уақыт жергілікті сағат белдеуі бойынша көрсетілген.)
Әуе компаниясы жолаушылардың қолайлығы үшін Дубай қаласынан Маскат әуежайына дейін тегін трансфер ұйымдастырады. Сол жерден қазақстандықтар арнайы рейстер арқылы елге оралады.
Компания өкілдерінің айтуынша, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақты бақылауда.
«Біз өңірдегі жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Басты мақсатымыз – қазақстандықтардың отанға аман-есен оралуын қамтамасыз ету», – деп хабарлады Air Astana баспасөз қызметі.
Билеттерді қайта рәсімдеу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жолаушыларға билетті сатып алған туроператорларға немесе әуе компаниялардың байланыс орталықтарына жүгіну ұсынылады.
Air Astana байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Ал FlyArystan жолаушылары WhatsApp, онлайн-чат немесе жедел желі арқылы +7 7272 44 44 78 нөміріне хабарласа алады.





