2025 жылдың 18 қаңтарында Ербаян Мұхтардың отбасын қолдайтын заңгер және құқыққорғаушы Инга Иманбай жігіттің денсаулығындағы айтарлықтай жақсару туралы айтқан еді. Оның айтуынша, Стамбұлда Ербаянға басына сәтті ота жасалып, емделген, мұрыннан катетер мен зондтар алынған.
«Ол салмақ қоса бастады, роботтың көмегімен қозғала алады. Біртіндеп өздігінен тамақтана бастады. Дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ толықтай қалпына келу үшін уақыт қажет», — деп жазды Инга Иманбай.
Ербаян Мұхтар әскери бөлімде ауыр ми жарақатын алған. Ол комаға түскен. Ата-анасына оның дәретханада құлап, басын плиткаға ұрып алғаны айтылған. Алайда ата-анасы бұл нұсқамен келіспеді. Олардың айтуынша, Ербаян жарақат алған кезде оның жанында кем дегенде жеті адам болған.




