Атап айтқанда, Астана қаласында найзағай ойнап, жел екпіні 20 м/с-ке дейін күшейеді. Осындай метеорологиялық жағдай Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында да байқалады. Бұл өңірлерде күн күркіреп, бұршақ жауып, тұман мен қатты жел болуы ықтимал. Сонымен қатар, аталған аймақтарда жоғары деңгейдегі өрт қаупі сақталады.
Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында күндіз найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болады деп болжануда. Ұлытау облысында күн күрт ысиды – +35…+36°C, ал Жезқазған қаласында аптап ыстықпен қатар жел күшейеді. Семей мен Өскеменде де найзағай мен екпінді жел күтіледі.
Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарында ауа температурасы +36…+41°C-қа дейін көтеріледі. Бұл өңірлерде өрт қаупі аса жоғары деп бағалануда. Қызылорда облысында шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, Шымкент, Түркістан, Ақтау және Атырау қалаларында да ауа райы өте қолайсыз болады. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға сақ болуды, алыс жолға шықпауға тырысуды және дала өртінің алдын алуға жауапкершілікпен қарауды ескертеді.




