Тікелей эфирді тамашалаған жұртшылық өз сезімдерімен бөлісті.
«Халықтың бірлігі, коалиция азаматтары жұмысының нәтижесінде еліміздің Президентін сайлау науқанын жоғары деңгейде өткіздік. Оған барлық сайлаушылар бір кісідей атсалысты. Құрметті жерлестер, бәріңізді ортақ жеңіспен құттықтаймын! Еліміздің тұрақтылығы мәңгілік боп, ел үшін қызмет істей берейік!», — деді өңірдегі қоғамдық штаб төрағасы Қуат Байғожаев.
Ал облыстағы қоғамдық штабтың мүшесі Дәулет Жарасбаевтың айтуынша, бұл сайлау Қазақстан үшін өте маңызды оқиға болды.
«Конференцияға онлайн қатыстым. Биылғы сайлау қатаң тәртіпті сақтай отырып, бұрынғыдан қарағанда басқа форматта өткізілді. Яғни, бір кандидат бір партиядан ғана ұсынылып қоймай, бірнеше партия атынан, қоғамдық бірлестіктерінің атынан сынға түсті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «бұл менің жеңісім емес, бұл — ортақ жеңіс»,- деді. Сондықтан жеңіс құтты болсын!», — деді ол.
Алматы облысындағы ардагерлер алқасының төрағасы Ерболат Тұрымбетовтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформасына қолдау көрсетті.
«Біздің еліміз Әділетті Қазақстанға тағы да бір қадамын жасады. Халық осы жолда жетелеп бара жатқан көшбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен сенім артты. Бұл ең алдымен жұртшылықтың болашаққа берген дауысы. Енді барлығымыз сол Президенттің төңірегінде жұмылдырылып, осы реформаға атсалысып, қызмет жасап, Қазақстанымызды алға тартуымыз керек», — деді төраға.
Айта кетейік, «Ашық қоғам» институтының мәліметінше, сайлаушылардың 82 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген.
«Amanat» партиясының қоғамдық саясат институтының exit poll нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың 85,52 пайызы дауыс бергенін көрсетті.
«СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеу институтының exit poll нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан жұртшылығының 82,02 пайызы таңдағанын көрсетті.





