Ведомство мәліметінше, биыл республикалық бюджет есебінен бала тууына байланысты жәрдемақы 312,2 мың адамға тағайындалып, оған 56,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде қараша айында 26,1 мың адам 4,8 млрд теңге көлемінде төлем алған. Бұл жәрдемақыны бала туған, асырап алған немесе қамқорлыққа алған Қазақстан азаматтары, қандастар және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер ала алады.
Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Есепті кезеңде бұл төлеммен орта есеппен 125 мың адам қамтылып, 40,2 млрд теңге бөлінген. Қараша айында 127,8 мың адамға 3,7 млрд теңге төленді.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылар 6,5 пайызға индекстелген.
Бала тууына берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері:
бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге).
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы көлемі:
бірінші балаға – 5,76 АЕК (22 648 теңге);
екінші балаға – 6,81 АЕК (26 777 теңге);
үшінші балаға – 7,85 АЕК (30 866 теңге);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (34 995 теңге).
Сонымен қатар, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайында МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлемнің мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты есептеледі.
2025 жылдың басынан бері мұндай біржолғы төлемді 187,2 мың адам алып, оған 260 млрд теңге бағытталған. Қараша айында 15,3 мың адамға 14,6 млрд теңге төленді. Ал 11 айдағы орташа төлем мөлшері 1,43 млн теңгені құрады.
Бұдан бөлек, бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайында МӘСҚ-тан ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызына тең. Егер егіз немесе одан көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.
2025 жылдың 11 айында бұл төлем 223,2 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 392,4 млрд теңгені құрады. Осы кезеңдегі ай сайынғы орташа төлем мөлшері 86 221 теңге болған.




