ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырыста 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бюджет жобасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, Президент тапсырмаларына сәйкес әзірленген, деп хабарлайды alataunews.kz.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, бюджет жобасы әлемдік экономиканың тұрақты өсіміне, инфляцияның төмендеуіне және қаржы нарықтарының тұрақтылығына негізделген. ЖІӨ орташа өсімі 5,4%-ды құрайды деп күтілсе, мұнай бағасы барреліне 75 доллар деңгейінде болжанған. Бюджет шығыстарының басым бағыттары әлеуметтік міндеттемелерді орындау, ғылым, білім беру, медицина салаларын дамыту болып қала бермек.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары өңірлерді дамыту мақсатында бюджет шығыстарын ұлғайту жөнінде бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына 15 млрд теңге, сумен жабдықтау және су бұруға 14,7 млрд теңге, өзге де инфрақұрылымдық жобаларға 25 млрд теңге бөлінбек.