Сарапшының айтуынша, таралған ақпараттар қатарына азаматтардың аты-жөні, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, азаматтығы, ұлты, сонымен қатар ұялы, үй және жұмыс телефон нөмірлері секілді мәліметтер кіреді.
«Бұл — өте ауқымды оқиға. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ақпараттың қайдан және қалай тарағаны нақты белгісіз. Бұл бұрын жарияланған базалардың бірігуі болуы да мүмкін немесе мүлдем жаңа мәліметтер де болуы ықтимал», — деді Олжас Сәтиев.
Сарапшы қазіргі кезде дереккөздерді анықтау және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті органдар жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселеге Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы мемлекеттік қызметтер де назар аударуы тиіс.
Оқиғаға байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ведомство тарапынан барлық сала бойынша уәкілетті органдардың жұмысқа кіріскені және деректердің өзектілігіне тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды.
«Алғашқы талдау нәтижелері көрсеткендей, тарап кеткен мәліметтердің көпшілігі ескі. Сондықтан қандай да бір нақты қорытынды жасауға әлі ерте», — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство бұған дейін болған осындай жағдайларда да тараған деректердің бір бөлігі ескірген және олар түрлі қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарының базаларынан алынғанын еске салды.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу жалғасып жатыр. Қосымша ақпарат тексеру аяқталғаннан кейін ғана жарияланады. Министрлік жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.





