Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «жаңа ереже бойынша қазақстандықтар көршілерінің пайдаланған суына да ақша төлейді» деген ақпарат тараған еді. Алайда Индустрия және құрылыс министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, жаңа әдістеменің ешқандай қосымша төлем немесе тарифтің өсуіне әкелмейтінін мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, құжаттың негізгі мақсаты – су жеткізу мен бұру көлемін есептеудің бірыңғай және ашық ережелерін бекіту. Бұрынғыдай тұтынушылар судың нақты есептегіш құралдары арқылы көрсетілген көлеміне сәйкес төлем жасайды. Ал есептегіш орнатылмаған жағдайда төлем әкімдік белгілеген тұтыну нормалары негізінде есептеледі.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де есептеу тәртібі бұрынғыдай қалады. Егер үйде жалпы су есептегіш орнатылған, бірақ кейбір пәтерлерде жеке құрылғы жоқ болса, онда жалпы үйлік және жеке көрсеткіштердің айырмасы кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Бұл тәжірибе бұрыннан бар, тек жаңа әдістемеде ол нақты жазбаша түрде бекітілген.
«Әдістеме төлем тәртібін өзгертпейді. Ол тек жүйенің ашықтығын арттырады. Есептегіші бар тұтынушы тек өзі пайдаланған су үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар – бекітілген нормаға сәйкес. Жалпы үйлік және жеке есептегіш арасындағы айырмашылық – бұл үйдің ортақ қажеттіліктері, яғни ол ешқандай айыппұл немесе артық төлем емес. Жасырын қосымша төлем енгізілмейді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған», – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.
Министрлік жаңа әдістеме тек қолданыстағы тәжірибені біріздендіріп, барлық өңірлер үшін ортақ және түсінікті ережелерді қалыптастыруға бағытталғанын айтады. Яғни, су үшін төлем мөлшері өзгермейді, тұрғындарға қосымша қаржылық жүктеме түспейді.






