Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
«Қазақстанда шамамен 2 миллион балалы отбасы республикалық бюджеттен жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдермен қамтылуда. 2025 жылдан бастап балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 6,5 пайызға индекстеледі. Жалпы, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалы отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875 миллиард теңге бөлінген», — деді Нұрлан Байбазаров.
Оның айтуынша, аз қамтылған азаматтарды қолдау атаулы әлеуметтік көмек көрсету арқылы жалғасады. 1 қарашадағы мәліметке сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті 76 мың отбасы немесе 403 мың адам алған.
«Атаулы әлеуметтік көмекті қайта қарау аясында азаматтардың шығыстарын ескеру арқылы Отбасының цифрлық картасын пайдаланып, көмекті трансформациялау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бұл жүйені мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметімен біріктіру көзделген,» — деді ол.