Өңір басшысы суармалы су мәселесіне баса назар аударып, барлық түйткіл туралы ашып айтты. Әкім облыста суару желілерін қайта жаңартуға биыл 6,5 млрд. теңге, оның ішінде Райымбек ауданына 1,5 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді.
«2021 жылы жұмыстары басталған Ауыл, Ұзынбұлақ, Белбұлақ тоспаларының құрылысы 90%-ға аяқталды. Қабанды, Шолақ, Шибұт тоспаларында басталған қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылы аяқталады. Оған 623,8 млн. теңге қарастырылған», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұл жобалар түгел жүзеге асса, 5800 гектар суармалы жер айналымға қосылады.
Сонымен қатар әкім суды үнемдеу технологияларын енгізу жайында сөз етті.
«Аудандағы суармалы 21,3 мың гектар жердің тек 700 гектары жаңбырлатып суарылады. 1227 шаруа қожалығының тек 7-уі осы әдісті қолданады. Бүгінде суару жүйелеріндегі су шығыны 40-50%-ке дейін жететінін атап өткен жөн. Болашақта біз барлық жерде суды үнемдейтін технологияларға көшуіміз қажет», — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыстағы 263,8 мың гектар суармалы жерлердің 9,6 мыңы немесе бар-жоғы 3,6%-і тамшылатып суарылады.