Қонаев қаласының орталығына жиналған төтеншеліктерді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев құттықтады.
«Дәл осы күні, 28 жыл бұрын Президенттің Жарлығымен егемен еліміздің тарихында тұңғыш рет азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Сол Комитет бүгінде елімізде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халыққа қорған болатын тұтас Министрлікке айналған», — деді тарихқа көз жүгірткен әкім.
Алматы облысының әкімі құтқарушы мамандығының мәртебесі биік екенін айтты.
«Сіздер өз бастарыңызды қатерге тігіп, өзгелердің өмірін сақтау жолында аянбай еңбек етесіздер. Мұндай игілікті іс ержүрек, қайсар мінезді, антына адал азаматтарға ғана тән. Сондықтан төтенше жағдай саласында қызмет атқарып жүрген әр адам ерекше құрмет пен қошеметке лайық. Кез келген қоғамда құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын!» — деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан кейін облыс әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен бірқатар маман марапатталды. Сондай-ақ өңірдегі ТЖД-ға 14 қызметтік көліктің кілті табысталды.
Шара Марат Сұлтанғазиев пен құтқарушылардың Д. Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюымен аяқталды.