Өңір басшысы Алматы облысының экономикасын дамытуға Іле ауданы үлкен үлес қосатынын, ол Қарасай ауданынан кейінгі өнеркәсіп кәсіпорындарының саны бойынша облыста екінші орында екенін атап өтті.
«Ауданда 10 айда 10% өсіммен 533,1 млрд. теңгеге өнім өндірілді. 331-ші кәсіпорынның 261-і немесе 79%-ы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді. Бұл жақсы көрсеткіш», — деп өңірдің әлеуетін бағалады ол.
Оның айтуынша, Іле ауданын дамыту үшін инвесторларды тарту маңызды. Осы мақсатта аудан аумағында «Береке» индустриялық аймағы құрылып жатқаны белгілі. Мәселен, «Fruit Art» сублимация зауыты салынып, (инвестиция — 42,8 млрд теңге), 247 жұмыс орны ашылды. Өзге инвесторларды тарту үшін пайдаланылмай жатқан мемлекетке қайтарып, инженерлік инфрақұрылымын ретке келтіру маңызды.
Марат Сұлтанғазиев мәселе облыс әкімдігінің бақылауында болатынын ескертті. Ол өзінің орынбасары Арслан Дандыбаевқа, индустрия-инновация саласына жауапты басқармаға аудан әкімдігімен бірлесіп, «Береке» индустриялық аймағын инженерлік желілермен қамтамасыз ету және жаңа өндірістерді орналастыруды тапсырды.
«Іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға ерекше бақылауды жүзеге асыру және олардың мерзімінде іске асырылуын қамтамасыз етуді, «Береке» индустриялық аймағын инженерлік желілермен қамтамасыз ету және жаңа өндірістерді орналастыруды тапсырамын», — деді өңір басшысы.
Анықтама үшін: ауданда «Филип Моррис Казахстан», «Джей Ти Ай», «Raimbek-Agro», «Galans Bottlers», «Первый пивзавод», «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» сияқты алты жүйе құраушы кәсіпорын бар. Олар ауданның өнеркәсіптік өнім көлемінің жартысынан астамын (54,3%) өндіреді және аталған компаниялар төлейтін салықтың көлемі облыстық бюджеттің 40% қамтамасыз етеді.
Инвестиция тарту бойынша аудан 26,3% үлесімен облыста бірінші орында тұр. 2022 жылдың 10 айында Іле ауданының экономикасына 1,3 есе өсіммен 118 млрд. теңге инвестиция тартылды.