Алматы облысының әкімі бейсенбіде Іле ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің экономиканы дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Бүгінде облыс бойынша Іле ауданы инвестиция тарту бойынша бірінші орында және өнеркәсіп кәсіпорындарының саны бойынша (Қарасай ауданынан кейін) екінші орында.
«Ауданда биылғы жылдың 10 айында 10 пайыздық өсіммен 533,1 млрд. долларға өнім өндірілді. 331 кәсіпорынның 261-і немесе 79% өңдеу өнеркәсібі бойынша жұмыс істейді. Бұл жақсы көрсеткіш», — деді әкім.
Қазіргі уақытта ауданда 168 млрд. теңгеге 18 инвестициялық жоба іске асып жатыр. 2,9 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде биыл 8 жоба бойынша жұмыс атқарылып жатыр,
Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 971 млрд. теңге сомасына 142 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды.
Аудан 26,3% үлесімен инвестициялық тартымдылық бойынша облыста бірінші орында. Биыл 10 айда Іле ауданының экономикасына 118 млрд. теңге инвестицияланды (өсім 1,3 есе).
«Өздеріңіз байқағандай, Іле ауданының әлеуеті орасан зор, өңірдің қолайлы географиялық жағдайы және бизнесті дамыту үшін қолайлы ортасы бар. Сондықтан аудан әкіміне инвесторлар үшін барлық жағдай жасауды және инвестициялар ағынын арттыруды тапсырамын», — деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ өңір басшысы сумен және газбен қамтамасыз ету, коммуналдық желілерді жаңғырту, абаттандыру және т.б. мәселелерге қатысты да жауап берді. Марат Сұлтанғазиев әрі қарай ауданның бірқатар ірі жобаларын аралады.
Әкім «Сарыбұлақ» ЖШС май зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын тәулігіне 200 тонна күнбағыс майын өндіріп, онымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп әрі Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қытайға экспорттайды. Әкімнің айтуынша, өндірістің болашағы және инвестициялық әлеуеті орасан зор. Өңір басшысы «Азия темір ЛТД» темірбетон зауытының өндірісімен танысты. Кәсіпорын темірбетон бұйымдарының 30-дан астам түрін шығарады. Жобалық қуаты жылына 10 мың тонна.
Сондай-ақ, жылына қуаты 100 мың тонна дайын өнім шығаратын «Лукойл Лубрикантс» ЖШС жағармай материалдары зауытына барды. Марат Сұлтанғазиев кәсіпорын Алматы облысының экономикасына үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Зауыт 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта әкімдікпен бірлесіп қажетті мамандармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданатын болады. Өңір басшысы 2018 жылы пайдалануға берілген «Первомайские пруды» демалыс аймағына да барды.