Алматы облысында аталған саланы ілгерілету мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,3 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бүгінде 9,3 млрд. теңгеге 1 329 өтінім қабылданып, 261 өтінім бойынша азаматтарға 1,8 млрд. теңге несие берілген. Оның ішінде Райымбек ауданында 738,4 млн. теңгеге 142 өтінім берілген. Қазіргі таңда 26 шаруа қожалығы 151,4 млн. теңге несие алды.
Шаруаларды қолдаудың келесі жобасы — субсидия төлеу. Өңір басшысының сөзінше, биыл ауданда 73 өтінім мақұлданып, оларға 475,3 млн. теңге субсидия төленген.
Алматы облысында мал шаруашылығына қатысты «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы қолға алынған. Әкім бұл туралы да сөз етті.
«Бағдарлама аясында облыс шаруа қожалықтарына 6 млрд. теңге бөлініп, 13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алынды. Оның ішінде, Райымбек ауданының 7 шаруа қожалығына 553,7 млн. теңгеге 659 бас асыл тұқымды ірі қара, 1400 ұсақ мал алуға жеңілдетілген несие берілді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Малдың барлық түрлерінің саны облыс бойынша орта есеппен 3% өскен. Алайда, өсімге қарамастан, салада шешімін таппаған мәселе бар.
«Аудан халқының негізгі кәсібі — етті-сүтті мал өсіру және картоп шаруашылығы болғандықтан, қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту – маңызды міндет. Сонымен қатар өндірушілерді қолдау үшін өнімдерді Алматы қаласының сауда желілері мен азық-түлік базарларына бірігіп жеткізуді
ұйымдастыру қажет», — деді өңір басшысы.
Әкім тілге тиек еткен екінші мәселе — ауданда қоймалардың жеткіліксіздігі. Мәселен, биыл картоп дақылы 5 500 гектарға егілген. Бүгінде 4200 га алқаптан 93,7 мың тонна картоп жиналған, орташа өнімділігі 220,0 ц/га.
«Аудан бойынша сыйымдылығы 5 500 мың тоннаны құрайтын 3 картоп сақтау қоймасы бар. Бірақ, бұл қоймалар жеткіліксіз. Фермерлерді ынталандыруүшін жұмсалған шығынның 25%-ін инвестициялық субсидиялар арқылы қолдау қажет», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ әкім аудандағы машина-трактор паркінің тозып кеткенін айтты. Мысалы, ауданда бар 874 ауыл шаруашылығы техникасының 75%-ы жаңартуды талап етеді.