«Бұл аэрация (су тазалау) стансасы Алматыға қарасты болғанымен, Алматы облысының Талғар, Қарасай аудандарының ағынды суын қабылдайды. Мұның бәрі Сорбұлақ арнасына құйылады», — деді «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Алмасбай Юсупов.
Оның айтуынша, қазіргі мәселе биологиялық тазартудан кейінгі тұндыру аймағында болып тұр. Себебі, бұл тазарту бөлігінің 60 пайызының тозығы жеткен. Кәріз-тазарту жүйесінен шыққан жағымсыз иіс тұрғындардың наразылығын жиі тудырып отыр. Қазіргі таңда жөндеудің қажет екені туралы техникалық-экономикалық негіздеме дайындалды.
«Мамыр айынан бастап егін оруға дейінгі кезеңде «Іле иррегация» мекемесі және Жамбыл ауданы суармалы жер үшін Сорбұлақтан су алады. Кеңес кезінде ең жақын деген елді мекен бұл жерден 12 шақырым алыста орналасқан. Қазір жағдай басқаша, халық тығыз қоныстанып кетті. Инвесторлар келіп-кетіп жатыр. Бірақ ешқайсысы түбегейлі шешімге келген жоқ. Сондықтан Алматы облысы әкімдігінен мемлекеттік қолдау қажет», — деді Алмасбай Юсупов.
Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев болса жазда Іле ауданының тұрғындарымен кездескенде осы мәселе талқыға түскенін айтты.
«Жобаңызды Алматы қалалық және облыстық әкімдігіне жолдаңыз. Кәріз-тазарту жүйесіне ағынды суы құйылатын облыстың екі ауданы үшін қаржы қарастыруға әзірміз. Ендігі жылы бұл мәселе тағы да ушығып кетпеуі үшін көктемге дейін әкімдіктер жүйелі шешімге келуі қажет», — деді Марат Сұлтанғазиев.