Марат Сұлтанғазиев «Қайрат» индустриалды аймағына (ИА) барып, кәсіпорындардың құрылыс барысымен танысты. 2017 жылы негізі қаланған өнеркәсіптік орталықта құны 104 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Барлығы толық аяқталған кезде кемінде 2,5 мың жаңа жұмыс орны құрылып, негізінен құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері өндірілетін болады.
198 гектар аймақты алып жатқан ИА-да құрылыс жұмыстарының басталғанына алты жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін кейбір мәселелер толық шешілмеген.
«Бүгінгі таңдағы басты мәселе – инженерлік желілердің құрылысы. Бюджеттік рәсімдеу көп уақытты алады. Соның салдарынан құрылыс ұзаққа созылады. Өткен жылдың соңында «ДауирКапиталСтрой» компаниясымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инженерлік желілерді тарту жөнінде келісім жасалды. Қазір компания желілерді өз қаржысына жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс қазан айының ортасына дейін аяқталуы қажет», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, бүгінде осы аймақтан өнеркәсіп ашуға ниеттілер көп. Алайда жер барлығына жеткіліксіз.
«Индустриалды аймақ өте ыңғайлы жерде орналасқан. Бір жағы – Алматы қаласы болса, екінші жағында облыс орталығы – Қонаев қаласы орын тепкен. Теміржолға да, Алматы – Қорғас, Алматы – Өскемен күрежолдарына да жақын орналасқан. Сондықтан тағы да 300 гектардай жер бөліп, оның жалпы аумағын келешекте 500 гектарға дейін жеткізуге болады. Қазірге дейін мұнда 11 жобаға 74 млрд теңге инвестиция тартылды», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев ИА-да орналасқан «ТехноНиколь — Центральная Азия» серіктестігіне барды. Екі мемлекет арасындағы әріптестік негізінде салынған бұл зауытқа ресейлік тарап тағы да 40 млрд теңге инвестиция құймақ.
Зауыттың бас директоры Нияз Сүлейменовтің мәліметінше, қазір мұнда ғимараттарды жылу ұстап тұруға арналған мақта өндіріліп жатыр. Айта кетерлігі, бұл кәсіпорынның нарықта 30 жылдық тәжірибесі бар.