Партия өкілдері қаладағы бірнеше базарды аралап, саудагерлермен сөйлесті. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, саяси науқанның мән-маңызын түсіндірді. Сауда-саттықтағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлерді толғандырған сауалдарға жауап берді. Жеке кәсіп иелерінің басым бөлігі салық мәселесіне қатысты өзгерістер керек екенін жеткізді.
Сондай-ақ, республикашылар мұнай-газ өндірісімен айналысатын кәсіпорынға бас сұқты. Еліміз мұнай мен газдың қоры жөнінен дүниежүзінде ондыққа кіретін бірден-бір ел. Сонымен қатар, Орталық Азия аумағындағы шикі мұнайды ең көп өндіретін ел ретінде де алдыңғы қатарда. Штаб мүшелері жұмысшылармен пікір алмасып, өндіріс саласындағы мәселер жайын талқылады. Амал мерекесімен тұспа-тұс келген кездесулерде партия өкілдері көпшілікке жылы лебіз білдіріп, сәттілік тіледі.
«Партия өкілдері 13-14 наурызда Маңғыстау өңірінде болып, осы жерде сайлауалды насихат жұмыстарын жүргізді. Кеше Отпантауға барып, ақсақалдармен, халықпен, елмен көрісіп, амандасып келді. Барлығы екі күннің ішінде шамамен екі мыңға жуық адамға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді», — деді партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұржігіт Нұрболатұлы.