Ауыл шаруашылық, әлеуметтік мәселелерді талқылап, саяси науқанның маңызын түсіндірді.
«Respublica» партиясы Ақтөбе облысына ат басын тіреді. Әуелі ақсақалдармен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ашық диалог форматында өткен басқосуда қоғамдағы біршама түйіткілді тақырыптар талқыланды. Алқалы жиынға келген үлкендер ауыл шаруашылығының әлеуетін жоғарылату керек дейді. Оның ішінде тері өңдеу ісіне тереңдеу қажет деген ұсыныстарын айтты. Партия жетекшілері талап-тілектерді тыңдап, ойларымен бөлісті.
Ал еліміздің батыс өңіріне барған Республикашылар Орал қаласының халқымен кездесіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Қатысушылар бұл мәселеде онлайн қызметтерге қажеттіліктің көп екенін жеткізді.
«Біздің штаб күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын атқарып жатыр. Еліміздің түкпір-түкіпірінен әр түрлі мәселелерді көтеріп, хабарласып жатқан жұрт көп. Басым бөлігі әлеуметтік жағдайға қатысты. Бүгін қала халқымен бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. Жиынға келушілердің саны мыңға жуықтайды», — деді «Respublica» партиясы БҚО филиалының басшысы Нұрболат Баймұрат.