Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мажоритарлы жүйе бойынша ең көп кандидат тіркелген округтерді атады.
«Барлығы 29 бірмандатты мажоритарлық сайлау округтері бойынша сайлау комиссиялары 475 кандидатты тіркеді. Бұл орта есеппен бір мандатқа 15 кандидаттан деген сөз. Ең жоғары бәсеке Астана қаласының №1 және №2 округтерінде болды, сәйкесінше 41 және 42 кандидат тіркелді. Алматы қаласының №3, №4 және №5 сайлау округтерінде сәйкесінше 37, 33 және 34 кандидат тіркелді. Ең төмен бәсеке — Түркістан облысының №25 сайлау округінде 5 кандидат тіркелді», — деді Константин Петров.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.
Жеребе қорытындысына сай, 19 наурызға тағайындалған партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға кезектен тыс сайлауда дауыс беруді өткізу кезеңінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде келесі тәртіппен орналасады: Amanat партиясы — бірінші орында, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы — екінші орында, «Respublica» партиясы – үшінші орында, Қазақстан халық партиясы – төртінші орында, «Байтақ» жасылдар партиясы – бесінші орында, «Ақ жол» партиясы – алтыншы орында, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – жетінші орында.
Орталық сайлау комиссиясы сайлауға түсетін кандидаттардың мемлекет есебінен өтелетін шығындарының мөлшерін де атады.
«Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңы 28-бабының 3-тармағы бойынша, мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен көпшілік алдында сөз сөйлеу үшін теңдей қаражат бөлуге кепілдік береді. Қаражатты бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. «Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңы 33-бабының 2-тармағы 2,3,4-тармақшалары бойынша, республикалық бюджет қаржысының есебінен кандидаттың бұқаралық ақпарат құралдарына «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағы бойынша шығу шығындары, кандидаттардың сайлау алдындағы бұқаралық шаралар өткізу шығындары, кандидаттардың үгіт-насихат материалдарын «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 4 және 5-тармағына сай етіп шығару шығындары, канидаттардың көлік шығындары ОСК бекіткен мөлшерде өтеледі», — деп түсіндірді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина.
ОСК мүшесінің айтуынша, Мәжіліс депутаттығына партиялық тізімнен тыс кандидатқа 950 мың теңге көлемінде шығыс мөлшері белгіленбек.
«Оның 450 мың теңгесі теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға жұмасалады. Ал, сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 300 мың теңге, көлік шығындарына 200 мың теңге қарастырылады», — деді Сәбила Мұстафина.
ОСК қаулысының екінші жобасы бойынша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттығына партиялық тізімнен тыс үміткерлерге шығыс көлемі 550 мың теңге көлемінде белгіленбек.
«Оның 350 мың теңгесі теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге, мерзімді баспа немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялауға жұмсалуы керек. Ал, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 130 мың теңге, көлік шығындарына 70 мың теңге қарастырылған», — деді ОСК мүшесі.
ОСК қаулысының үшінші жобасы қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттардың мемлекет есебінен төленетін шығынын белгілейді.
«Бұл бағыттағы шығыстар мөлшері 350 мың теңге көлемінде белгіленеді. Оның ішінде теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге – 200 мың теңге, сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды өткізіп, үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге, көлік шығындарына – 50 мың теңге», — деді Сәбила Мұстафина.
Қаулының төртінші жобасы бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттардың мемлекет есебінен өтелетін шығын көлемі 350 мың теңге болмақ.
«Оның ішінде теле және радио бағдарламаларда сөйлеуге – 200 мың теңге, сайлау алдындағы бұқаралық іс-шаралар өткізіп, үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге, көлік шығындарына – 50 мың теңге», — деді ол.
Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.