Осы орайда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы еліміздің өміріндегі өзекті міндеттерді шешу, Қазақстанның одан әрі өркендеуіне ықпал ететін жаңғыртушы қайта құруларды жүргізу жолдарын ұсынады.
«Біз нақты еңбек үшін нақты ақы төлеуді неғұрлым маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет деп санаймыз. Өмір сүру үшін өз еңбегімен табыс тауып жүрген әр адамның лайықты сыйақы мен әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Біздің мақсатымыз – Еңбек кодексінде және әлеуметтік салаға жататын басқа заңдарда лайықты ақы төленетін еңбекке және жұмыспен қамтуға нақты құқықтарды бекіту», – делінген партия бағдарламасында.
Ауылдық елді мекендер үшін және нақты ауыл тұрғыны үшін ең төмен стандарттарды әзірлеу және бекіту; ауылдық елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды, инфрақұрылымды, мәдениет мекемелерін және жолдарды салу мен жөндеу арқылы ауылда өмір сүруге сапалы жағдай жасау жайы да көзделген.
Сондай-ақ, зейнетақы лайықты өмір сүруге жеткілікті, медициналық көмек халық үшін қолжетімді болуы қажет, деп санайды «ауылдықтар».
«Біз ауыл тұрғындарының мүддесін көздейміз. Халық ұсыныс-тілегін ұсынамыз. Сондықтан «Ауыл» партиясы Парламент сайлауына нақты әрі өтімді бағдарламасымен қатысады», – деп атап өтті партия төрағасы Әли Бектаев.
«Ауыл» партиясы атынан Мәжіліс сайлауына 34 кандидат түседі. Оның 25-і партия атынан түссе, 9 кандидат бір мандатты жүйе бойынша бақ сынайды.