«Сотқа Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардан 166 арыз түскен. Оның ішінде Жоғарғы сотқа 55, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 104 және аудандық соттарға 7 арыз берілді. Бүгінде сотта 164 арыз-шағым қаралды. Оның ішінде 49 іс қанағаттандырылды, 84 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылды, 15 талап қоюшы арызын кері қайтарып алды және сот 16 арызды қараусыз қалдырды», — деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Аудандық комиссиялардың шешімдерімен Парламент Мәжілісінің депутаттығына 6 кандидаттың құқығы қалпына келтірілген.
«Оның ішінде Астана қаласы бойынша бесеу және Шымкент қаласы бойынша біреу. Сотқа түскен 166 арыздың 135-і депутаттыққа кандидаттар ұсынған активтер мен міндеттемелер туралы декларациялардағы мәліметтердің дұрыс еместігі туралы, сол сияқты мемлекеттік кіріс органдарынан ақпарат ұсынылғаннан кейін сайлау комиссиялары қабылдаған кандидаттарды тіркеудің күшін жоюға қатысты», — дейді ол.
Оның айтуынша, Сайлау туралы Конституциялық заңның 89-бабы 4-3-тармағының 4-тармақшасына, 104-бабы 6-1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес округтік сайлау комиссиясы декларацияда активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықтаған жағдайда кандидатты тіркеу туралы шешім күшін жояды.