Ауыл әйелдерін қолдау мақсатында өткізілген шараға «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қарақат Әбден, Анна Данченко, София Әбдіразақова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінің негізін қалаушы, актриса Айнұр Жүгінісова, ақын Құрманай Бақтиярқызы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жапарқұл қатысты.
Конгресс барша қазақстандық, оның ішінде ауыл әйелдерін қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға еліміздің төрт түкпірінен келген мыңға жуық қыз-келіншек қатысты. Басқосу барысында ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал жасау және олардың белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды. «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар осы мәселе төңірегінде өздерінің нақты ұсыныстарын айтты.
«Мәжіліс сайлауына 6, түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихат сайлауына 88 әйел кандидат қатысатын «Ауыл» партиясы әрбір әйелдің еңбегіне зор құрметпен қарап, әрдайым қолдауға дайын. Партия ауыл мәселесі шешілмей, еліміздегі өзге күрмеулі мәселелердің шешілмейтінін өте жақсы біледі. Біздің мақсат – ауылды дамыту және ауыл әйелдерінің мүмкіндік аясын кеңейту, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету. Біз сіздердің қолдауларыңызбен Мәжіліске барғанда ауыл әйелдерінің зейнет жасын қысқарту, яғни бөлек градациямен есептеу; оларды бала тәрбиесі кезінде «қызметкер» деп танып, осы мерзімді еңбек өтіліне қосу; ауылдағы әлеуметтік маңызы бар мекемелерде еңбек етіп жүрген әйелдер үшін ауылдық коэффициент енгізу мәселесін көтереміз. Қоғамның қозғаушы күші болған әйел-аналар бізді қолдаса, партияда алынбайтын асу, қарсы келер қамал қалмайды. Сайлауда бізді қолдаңыздар! Жоғарыда айтылған іргелі істерді бірге жүзеге асырайық!», – деді жиынға жиналған арулар алдында сөз алған кандидат Қарақат Әбден.
Конгресс аясында ұлттық құндылықтар насихатталып, ұлттық киімдер шеруі көрсетілді. Қатысушылар қолөнер туындыларын, ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгілерін тамашалады.