Республикалық штаб мүшелері Ғани Хамзин, Қарағанды облыстық штаб мүшелері Марина Шиллер, Ойрат Нұрқазов партияның Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин және жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлермен бірге Қарағанды облысының ұжымдарымен жүздесті.
«Ақ жол» республикалық штаб мүшелері «Eurasian Foods» АҚ жұмыскерлерімен кездесіп, партия саяси бағдарламасының алты басым бағытын таныстырды. Соның ішінде кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне жан-жақты тоқталды
«Біз жүйелі деңгейдегі де, бірден қарастыруды қажет ететін мәселелерді де назарда ұстаймыз. Жүйелі мәселелерге келетін болсақ, бұл, мысалы, «жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң. Бұл мәселені 10 жылдан астам уақыт бойы көтеріп келеміз. Заң 3 наурыздан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, сараланған салық мөлшерлемелері сияқты жүйелі проблемалар бар. Бізде қазір барлығына бірде 12% ҚҚС пен 20% ҰТС қолданады. Яғни, сіздер сияқты азық-түлік өндіретін кәсіпорындарға да, мұнайшылар мен банктерге де бірдей тариф қарастырылған. Бұл әділетті ме? «Ақ жол» демпартиясы әділ салықты талап етеді. Оның әсері қандай? Оның әсері тұтынушылар үшін өнім бағасының арзандығы мен салықтың аз болуы себепті жұмысшыларға жалақы өсіру мүмкіндігінің пайда болатындығында. Бұл біздің бағдарымыз. Кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті, сіздер сияқты ұжымдарды қолдау. Сіздерге жұмыс істеуге ыңғайлы, шетелдік өндірушілермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болуларыңыз үшін», — деді Ғани Хамзин.
Партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырған соң, кандидаттар Парламентте атқарылған жұмыстар туралы айтты. Жұмысшылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Көпшілікті әлеуметтік әділеттілік, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әділ сайлау мәселелері қызықтырды.
Сондай-ақ, Республикалық штаб мүшелері Саран қаласының орталық ауруханасына барды. «Ақ жол» партиясының кандидаттары партияның саяси бағдарламасын таныстырып, дәрігерлердің сұрақтарына жауап берді.
Әңгіме барысында медициналық сақтандыру, «Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы» заң қабылдау, дәрігерлердің тәуекелдері үшін төлемдерді бекіту, кәсіби және адами абыройды қорғау мәселелері көтерілді.