Мәселен, «Сары-Арқа» кинотеатрының аумағындағы алаңда саяси реформаларды және «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламаны қолдау мақсатында партияның қалалық филиалы ұйымдастырған митинг өтті.
Іс-шараға партияның бес жүзге жуық жақтасы қатысып, қолдау білдірді. Олардың арасында «AMANAT» партиясынан депутаттыққа кандидаттар, жастар қанатының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары болды.
Митингке қатысушылар сайлауалды бағдарламаны қолдау үшін транспаранттарпен келді.
Қалалық штабтың басшысы Станислав Канкуров жиналғандар алдында сөз сөйлеп, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты тірегі екенін атап өтті.
«AMANAT» – қаламыздағы 100 мыңға жуық белсенді алматылықтарды біріктіретін, басқару тәжірибесі бар бірден-бір партия. Бүгінде сайлау науқаны аясында 1000-ға жуық іс-шара өткіздік. Әр кездесуде алматылықтардың өзекті сұрақтарына жауап береміз, шешімін табуды қажет ететін мәселелерге мән береміз», – деді Алматы қаласы мәслихатына партиялық тізім бойынша ұсынылған депутаттыққа кандидат Станислав Канкуров.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Мейіржан Отыншиев мегаполистің түйткілді мәселелері мен партияның бастамалары туралы айтып берді.
«Біз сапалы инфрақұрылымның пайда болуына атсалысып, алматылықтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаймыз. Ол үшін жаңа 4 метро стансасын, 300 шақырымнан астам жол саламыз. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, алдағы бес жылда 34 мектеп, 33 балабақша және 16 емхана салынады. Сондай-ақ, 43 мыңнан астам отбасын баспанамен қамтамасыз етеміз. Біз кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын және орта бизнеске жыл сайын 40 млрд теңгеден астам несие бөлуді қарастырамыз. Бұл өз кезегінде, 276 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Белгілі тележурналист, депутаттыққа кандидат Сергей Пономарев партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан экология мәселесіне тоқталды.
«Мегаполисте ауа ластанып кетті. Бұл мәселенің тез арада шешімін табу қажет. Бұдан бәрі зардап шегеді. Қариялар да, жастар да уланады. Партия 2026 жылдың соңына дейін ЖЭО-2-нің газға ауысуын қадағалайды. Ауаны таза ұстауға бағытталған басқа шаралар да бар. Біз заңсыз бөлінген 18 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруды көздейміз. Бұл орындалмайтын уәде емес. Себебі біздің партиямыздың күш-жігерінің арқасында осы уақыт аралығында 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды», – деді ол.
Аманаттықтар партияның сайлауалды бағдарламасының барлық басым бағыттарын ашып айтты. Яғни, партия заң пен тәртіптің үстемдік етуіне, әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыруға, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға, адал еңбекке лайықты еңбекақы төленуіне, азаматтардың барлық санаты үшін тең мүмкіндік жасалуына және өзге де игі бастамаларға мүдделі.
«AMANAT» дегеніңіз – бірлік, достық, отбасы. Белсенді әйелдер мен бастамашыл азаматтарды таңдаңыз!», – деді көпбалалы ана Диана Ерлан.
Белгілі тележүргізуші, партиялық тізім Алматы қаласы мәслихатына партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидат Ольга Спирина мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттай отырып, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, митингте «AMANAT» партиясынан депутаттыққа кандидаттар Айдос Сарым және Жанарбек Әшімжанов, паралимпиадашы Серік Есматов, Зульфия Байсақова және Руслан Нұрлыбаев, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Рустам Қайрыев және тағы басқалар сөз сөйледі.