Осы орайда, «AMANAT» партиясы мен «Жастар рухы» Жастар қанаты жас азаматтарды қолдауға бар күш-жігерін жұмсамақ. Ол үшін әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық бермек. Бұл тұрғыда жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешуге ықпал ететін болады.
Партияның алдағы жұмыс жоспарын Алматы облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Айгүл Құнанбаева, Ербол Жақсыбаев, Рүстем Өтембаев Қарасай ауданы Іргелі ауылында өткен кездесуде жіті түсіндірді.
«Өткен жылы «Алатау жастары» жеңілдетілген тұрғын үй несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Биыл жобаның қаржыландыру сомасы 600 млн теңгеден 3,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында жастар бастамаларына гранттық қолдау көрсетілді. Бұл шаралар олардың арасындағы жұмыссыздығын 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ NEET санатындағы жастар санын азайтуға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында 3 дағдарыс орталығы құрылады», − деді жиында сөз алған Айгүл Құнанбаева.
Сонымен қатар, білім, туризм, мәдениет, медицина саласындағы тың бастамалар да сөз болды. Өз кезегінде жиылған тұрғындар көкейіндегі мәселелерді де ортаға салып, шешілу жолдарын сұрасты. Көбіне ауыл шаруашылығы секторындағы проблемалардың күрмеуі тарқалды. Сайлауалды бағдарламада өңірдің аграрлық саласын дамытуға басымдық берілген.
Мәселен, «Жер Аманаты» партиялық жобасы шеңберінде жайылым жер тапшылығы жойылады. Өйткені, 260 мың гектардан астам бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Бірінші кезекте бұл алқап шаруаларға беріледі.