Партиялық тізімде 18 адам, мажоритарлық жүйе бойынша 4 адам қатысуды жоспарлап отыр. Партия жетекшісі Азаматхан Әміртай сайлауға мажоритарлық жүйе бойынша қатысатынын мәлімдеді.
«Көп нәрсе материалдық ресурсқа байланысты. Біздің партия халықтан шықты, сайлауға қатысу үшін көп қаражат керек. Сондықтан тәуекелдерді азайту үшін екі жақтан да қатысамыз деп шештік. Біздің партия міндетті түрде өтеді. Өйткені жергілікті жерлерде командаларымыз мықты. Халықтың қолдауына ие боламыз. Партиялық тізімге өткен адамдарды депутаттыққа өткіземіз», – деді Азаматхан Әміртай.
Бұған қоса, ол тізімдегі кандидаттардың шамамен 15-і Мәжіліске баратынына сенімді.
«Біз 2,5 млн дауыс жинаймыз деп ойлаймын, ол – шамамен, тізімдегі 15 адам, сондай-ақ мажоритарлық тізімдегі кандидаттар бар. «Байтақ» жасыл экономика, Жасыл энергетика мәселесімен айналысады. Біз айналамызға қоршаған ортаны қорғауға бей-жай қарамайтын азаматтарды топтастырдық. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыстары, Алматы қаласы мен батыс өңірлерде белсенділер жұмыс істеп жатыр, әрқайсысы дауыс жинай алатынына сенімді», – деді ол.
Партияның мақсаты адамдардың денсаулығы мен құқықтарын, қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ Қазақстанда таза энергетика мен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған.
«Біз Қазақстанның негізгі саяси институттарына өз кандидаттарымызды ұсындық. Енді Мәжіліс пен мәслихатқа таза да әділ Қазақстан үшін еңбек ететінін бүкіл өмірімен және қызметімен дәлелдеген азаматтардың келуі маңызды», – деді Азаматхан Әміртай.
Таза су мен ауа, таза жер, таза адами қарым-қатынас, таза саясат – партияның басты ұстанымы. Партия жасыл экономиканы қалыптастыруға бағытталған кез келген жүйеге барлық жағынан қолдау көрсетуді көздейді.
Бүгінде әлем халқының жаппай электромобильдерге міне бастағаны белгілі. Бұл үрдіс әсіресе экологиясы нашар мегаполистерде анық байқалады. Солардың арасында ауасының 55% бөлігін көлік түтіні ластайтын Алматы қаласы да бар. Осы күнге дейін Қазақстанда жалпы саны 500-ге жетер-жетпес электромобиль тіркеуден өткен. Автокөліктің бұл түрінің кең таралуына инфрақұрылымның, атап айтқанда, зарядтау орындарының жоқтығы кедергі келтіруде.
Осыған орай «Байтақ» жасылдар партиясы электромобиль зарядтау орындарын көбейтуді, мемлекетке отандық зейнеткерлердің электромобиль сатып алуын субсидиялауды ұсынады. Бұл өз кезегінде экологиялық тұрғыда тиімді көліктерге сұранысты арттырып, қаланың ауасын жақсартуға көмектеседі.