Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстандағы мерекелер туралы» заңға мынадай түзетулер енгізді: 25 қазанды Ұлттық мереке – Республика күні ретінде айқындау; 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу», – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Сондай-ақ ол заң жобасы Тұңғыш президент күні мерекесі алып тастауды көздейтінін жеткізді.
«1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау арқылы айқындау ұсынылады», – деді депутат.
Депутаттардың дауыс беру нәтижесінде заң жобасы мақұлданды.
2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламенттің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға енгізілген өзгеріс қабылданды.