Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы қауіпті ауруды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін білген. Соған қарамастан, 10 жылдан астам уақыт бойы жыныстық қатынасқа түскенде қорғаныс құралдарын қолданбаған. Ол адамдарға иммун тапшылығы вирусымен ауырып жүргенін де айтпаған.
Сотта ер адам өз кінәсін ішінара мойындады. Жәбірленушілер де өз айғақтарын ұсынды. Прокурор сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал ер адамның қорғаушылары оны түрмеге отырғызбауды өтінді. Асырауында кәмелет жасына толмаған баласының бар екенін де жекткізді.
Судья бәрін ескеріп, сотталушыны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.