Мамыр айында Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде информатика пәнінің мұғалімі 15 жастағы оқушыны «зорлап, артынан үйленгені» жөнінде ақпарат тараған. Бұл туралы полицияға оның анасы 30 мамырда арызданған. Артынан Facebook-те Акбар Хасанов есімді қолданушы оқушы қыз және оның анасымен мәлімдеме жасаған.
Мұғалім мен оқушы үйленгенін, жеке өміріне ешкімнің араласпауын сұраған. Дегенмен, көп өтпей кәмелет жасқа толмаған оқушыға үйленген мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Ол Қылмыстық кодекстің «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бабымен (122-бап) күдікке ілінген еді. Оқиғаға байланысты мектеп директорының орынбасары, сынып жетекшісі, педагог-психологы жұмыстан босатылған.
Бірнеше мұғалімге қатаң сөгіс беріліп, күдікке ілінген мұғалім жұмыстан шеттетілген. Қазір іс облыстық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.