«Шамамен 2-3 ай ішінде қаланы электронды билеттеу жүйесіне көшіреміз деп жоспарлап отырмыз. Avtobýs мобильді қосымшасын тұрғындар AppStore, Google play немесе AppGallery-ден жүктейді. Төлем QR кодты сканерлеу арқылы жүргізіледі», — дейді қалалық Avtobýs жобасының жетекшісі Амандос Жәнібек.
Оның айтуынша, картаның бірнеше түрі болады: стандартты, оқушылар картасы, әлеуметтік осал топтағылар мен зейнеткерлерге арналған.
«Әрбір картаның бірегей нөмірі болады және иесінің ЖСН-мен тіркеледі. Оқушылар үшін ата-аналардың ЖСН, аты-жөні және байланыс телефондары көрсетілген тізім жасалады. Одан кейін карталар дайындалады. Дайын картаны 1 ш/а, 41а/1 мекенжайына барып, 15 кабинеттен алуға болады. Картаны жоғалтып алған жағдайда қайта көшірме жасап алуға мүмкіндік бар», — дейді жоба жетекшісі өз сөзінде.
Жоба жетекшісінің сөзіне сүйенсек, интернет байланысы болмағанда жол ақысы кейінге қалдырылған төлем бойынша жүргізіледі.
«Картаның құны — 500 теңге. Шоттағы ақша түрлі тәсілдер арқылы толтырылады: төлем терминалдары, Интернет-банкинг және Avtobýs мобильді қосымшасы арқылы. Сонымен қатар жүйеге «GPS» мекенжайды анықтайтын функциясы енгізілген. Аталған функция смартфон арқылы ата-аналардың балаларын бақылап отыруына, тұрғындардың қоғамдық көлік қай жерде келе жатқанын білуге мүмкіндік береді», — деді Амандос Жәнібек өз сөзін жалғап.
Аталған жүйе іске қосылған соң жол жүру құны қанша теңге болатыны, әзірше, белгісіз.
Айта кетейік, қазіргі таңда жол жүру құны — 80 теңге. Және тұрғындар үшін жобаның call-орталығы жұмыс істейді: +7 (7273) 17-47-05. Барлық ақпаратты https://avtobys.kz/ сайтынан алуға болады.