Агенттік басшысының айтуынша, 2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 29,4%-ға өсіп, 13,9 трлн теңгеге жеткен.
«Соның ішінде тұтыну несиелерінің көлемі 24,1%-ға өсіп, 7,6 трлн теңгені құрады.Несие алушылардың жалпы саны 6 868 мың адам. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 5,6% немесе 461 млрд теңге. 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 2022 жылдың басынан бері 121 мың адамға өсіп, 536 мың адам болды», — деді Мадина Әбілқасымова.
Агенттіктің мәліметінше, ХҚҰ-дағы үмітсіз берешектердің орташа мөлшері 299,2 мың теңгені құрады.
Онлайн шағын несиелер бойынша, Мәдина Әбілқасымова толықтырғандай, 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің көлемі 22 млрд теңге немесе 48%. Проблемалық несие алушылардың саны 186 мың адам. Проблемалық қарыздың орташа мөлшері 118 мың теңге.
Халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2022 жылдың қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық несиелері мен микронесиелері бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақыны есептеуге заңнамалық тыйым енгізілді. Сондай-ақ тұтынушылық микрокредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді шектеу бойынша реттеу шаралары қабылданды.