Мемлекет Басшысы тапсырмасының аясында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға тигізетін әсерін төмендету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
2022 жылғы 3 қаңтарда ҚР ҰҚК мен ІІМ Ресейлік Федералдық қауіпсіздік қызметімен бірге Байқоңыр қаласында құрамында Қазақстан және Ресей азаматтары кірген қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша бірлескен арнайы операцияны іске асырды.
Бір уақытта Астана, Қызылорда және Қонаев қалаларында аталған топтың көмекшілері ұсталды.
Жалпы арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 басшылары мен белсенді мүшелері ұсталды.
Олардың тұрғылықты жерлері бойынша атыс қаруы, ақшалай қаржы және тергеуге қажет өзге де материалдар алынды.
Қылмыстық топтың адам ұрлауға, бопсалауға, қарулы қарақшылық шабуыл және ұрлыққа қатысы бары анықталды. Қылмыстық әрекеттер ұзақ уақыт бойы Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы қылмыстық ахуалға әсер етіп келген. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы болған.
Мысалы, 2022 жылғы қыркүйекте қылмыстық топ арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан көшеден өтіп бара жатқан бейбіт адам оқ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
ҰҚК қызметкерлері арнайы операцияны прокуратурамен келісе отырып, жедел-іздеу және техникалық іс-шаралардың кешенін жүргізу арқылы көп айлар бойы тыңғылықты әзірлеп келген.
Қазіргі уақытта сот алды тергеу аясында ұсталғандардың өзге де қылмыстарға қатысының бар, жоғы тексерілуде және қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.