Жаңа талаптарға сәйкес, мобильді аударымдар келесі критерийлер бойынша бақыланады:
- үш ай қатарынан (қаңтар, ақпан, наурыз) 100 адамнан қаржының түсуі;
- түскен аударымдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асуы.
Аталған талаптардың барлығы бір мезгілде орын алған жағдайда, азамат салықтық тексеруге ілігеді. Бұл ретте екінші деңгейлі банктер тиісті ақпаратты салық органдарына беруге міндетті.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов азаматтардың есепшоттары автоматты түрде жабылмайтынын атап өтті.
«Біз жеке тұлғалардың шоттарын жабуды көздеп отырған жоқпыз. Алдымен деректердегі сәйкессіздіктер бойынша хабарлама жіберіледі, содан кейін жағдай нақтыланады. Бұл кәсіпкерлік қызмет пе, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттілігі бар ма, әлде қайырымдылық сияқты өзге де жағдайлар ма – барлығы ескеріледі. Автоматты түрде шоттарды жабу қарастырылмаған», – деді Ержан Біржанов.
Вице-министр 1 млн теңгеден асатын аударымдар үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Ол бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлерді жарияланатын мәліметтердің дұрыстығын мұқият тексеруге шақырды.






