Жалған құжат қолданған сегіз оқытушы анықталды: Ақтау колледжінен бес оқытушы, Қарақия ауданынан үш оқытушы.
Прокурор барлық факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, материалдарды одан әрі тергеп-тексеру үшін полиция органдарына жолдаған.
«Мысалы, құқықбұзушылардың бірі екі жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру пәні бойынша сабақ берген. Қарақия ауданының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыс істеу түрінде жаза тағайындаумен қылмыстық жауапқа тартты», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Осындай екі құқықбұзушылық үшін сот сол колледждің тағы екі оқытушысына қатысты үкім шығарды. Олар жұмыстан босатылды.
Тағы төрт дерек бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды.
Қалған бір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Айта кетейік, 2022 жылы прокуратура осы сияқты фактілер бойынша 14 қылмыстық істі тіркеген.