Көмірдің орташа бағасы тоннасына 6700-ден 9 мың теңгеге дейін көтерілген. Министрлік бұл бағаны көмір өндіруші кәсіпорындармен жүргізген келіссөздер арқылы бекіттік деп отыр. Ең көп сұранысқа ие Шұбаркөлдің тоннасы 7500 теңге деп белгіленген. Ол діттіген жеріне жеткенше, әсіресе шалғай өңірлердегі тұтынушылардың пешіне түскенше екі-үш есеге, 25-30 мың теңгеден бір-ақ шығатыны белгілі. Бірақ министрлік отынның шекті құнын белгілеуге біз қауқарлы емеспіз деп ақталды. Ал бағаға келетін болсақ, өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздегі көмірдің бағасы су тегін деген министрлік өкілі, тіпті бұдан төмен баға болуы мүмкін емес дейді.
«Бізде әлеуметтік көмірдің бағасы әлдеқайда төмен. Салыстырмалы түрде. Егер де халықпен тұрмыстық, коммуналдық көмірдің бағасын алатын болсақ және қарапайым бір кірпіш шығаратын зауытқа сатылатын бағанының арасы 30-40 пайыз болуы мүмкін. Яғни халықтың сол көмірді алуға 30 пайызға арзанырақ болады. Мұның өзі арзан. Мен салыстырып өттім, көрші мемлекеттермен, екі-үш есеге дейін арзан болып тұр. Енді бұдан төмен білмеймін, қаншалықты, қалай болатынын», — деді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.