«Ішкі істер министрлігінің жыл сайын өткізетін заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды халықтан сатып алу акциясы жалғасып жатыр. Ол 10-сәуірде басталды. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 88 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Екі апта ішінде ішкі істер органдарына 488 азамат жүгінді. Олар 600-ден астам атыс қаруын, 2,5 мыңнан астам оқ-дәріні өз еркімен тапсырды», — деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Министрлік өкілінің айтуынша, қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін республикалық бюджеттен қарудың техникалық жағдайына байланысты оның әрбір бірлігі үшін 34 мыңнан 345 мың теңгеге дейінгі сомада төлем көзделеді.
«Қару-жарақ қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізіледі», — деді ол.