«Цифрлық технологиялардың дамуы олардың көмегімен ұрлықтың артуына әкелді. Кейінгі кезде интернет-алаяқтық қоғамда резонанс тудырып отыр. Биыл елімізде 18,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (19 328) төмен. Интернет-алаяқтық көбіне тауарларды онлайн сатып алумен байланысты. Атап айтқанда осы әдіспен 6 мың қылмыс жасалған. Қазіргі уақытта банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалған алаяқтық ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Аталған тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам алаяқтық қылмысы жасалды», — деді Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған сервистерді белсенді пайдаланады.
«Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Көбінесе олар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырады немесе банк қызметкері ретінде арнайы операция жүріп жатқанын хабарлайды», — дейді ол.
Спикердің мәліметінше, аталған жайт бойынша іс ашылған жағдайда Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық) 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, айыппұл (4 мың АЕК) салуды көздейді. Сондай-ақ топтасып аса ірі мөлшерде қылмыс жасаған жағдайда айыптылар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.