2023 жылдан бастап энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асырылады. Бұл апаттар санын азайтуға және жалпы ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтеледі. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін беру аясында көзделіп отыр. Ол аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т. б.) шығынын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің мәлміметінше, басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуға тиіс.
Биыл үкімет енгізген өзгерістер бойынша, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10 пайызынан асса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20 пайыз аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10 пайыздан төмендетуге құқылы.
«Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңге болса, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңге (табыстың 10%-дан астамы) болса, азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқы бар», – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, жалпы кейінгі төрт жылда 174 мыңнан астам абонентке тұрғын үй көмегі үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге төленді. Ал осы жылдың 6 айында 31 мың отбасына 630,5 млн теңгеге көмек көрсетілді.
Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әкімдікке хабарласу қажет.