Спикердің айтуынша «Шығыс қақпасы» полиорталығы халықаралық әуежай мен «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» трассасына жақын болған соң, ірі мультимодальдық көлік — ауысып отыру торабы бар логистикалық хабқа айналады.
Сондай-ақ ол «Оңтүстік-батыс» полиорталығында бұрыннан бар нысандарды қайта форматтау, «Алтын Орда» сауда базарын көтерме-тарату орталығы етіп қайта құру, «Барлық» базарының орнына «Батыс» автовокзалын, LRT станциясын және метрополитенді қамтитын ірі мультимодальдық көлік-ауысып отыру торабын құру жоспарланғанын айтты.
«Тарихи орталықтың» шекарасында абаттандыру жұмыстары жалғасады және тарихи-мәдени мұраға жататын ғимараттарды қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама қабылданады, сондай-ақ инженерлік желілер жаңартылады. Веложолдарды төсеу жалғасады, ақылы тұрақ орындары ұлғайтылады. «Тарихи орталыққа» іргелес өнеркәсіптік кәсіпорындар мен арнайы мекемелер (АЗТМ, Киров атындағы зауыт, СИЗО) көшірілетін болады, олар мен ескі тұрғын үйлердің орнына заманауи үлгідегі кварталды құрылыс пен жаңа іскерлік кластер пайда болады», — деді спикер.
Оның айтуынша, Алматыда полиорталықтарды дамытудан басқа, қалпына келтіруге болатын немесе болмайтын ескірген тұрғын үйлерді ревитализацияға көңіл бөлінеді. 2022 жылдың соңына дейін ескі үйлерді қалпына келтірудің қалалық бағдарламасы бекітіледі.
Сонымен қатар Саин, Момышұлы, Алтынсарин көшелері мен басқа да шағын аудандардың көшелерінде променадтар қойылатын болды.