Қоғамдық қордың мәліметінше, жеткіншекті өгей әкесінің ағасы сексуалдық қатынасқа мәжбүрлеген. Туысқанының қандай әрекет жасағаны туралы көрсетіп, түсіндіріп берген баланың жаға ұстатарлық бейнежазбасын анасы қоғамдық қорға жіберген.
Әйел бұған дейін де қайын жұртынан әлімжеттік көріп келген. Туыстары мен күйеуі үнемі ұрып-соққан. Тіпті әйел жүкті кезінде де осындай агрессияға тап болған.
Мұндай азапқа шыдамаған әйел суицид жасамақ болған. Абырой болғанда дәрігерлер аман алып қалған. Жеткіншек болған оқиғаны айтуға анасы үшін қорыққан. Бірақ келіншек бір сұмдықтың болғанын сезіп, үйінен қашып, полицияға арыз берген.
Ал Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі сот санкциясы болмағандықтан күдікті қамауға алынған жоқ, дейді.
«Тергеу басқармасы «Көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сот санкция берген жоқ, сол себепті күдікті қамауға алынған жоқ. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», — деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі