Осы жексенбіде, яғни 9 қазан күні сағат 07:00-13:00 аралығында дәстүрлі «Astana Marathon – 2022» халықаралық марафоны өтеді. Қалалық ПД баспасөз қызметі сол кезде көшелердің кейбір учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектелетінін ескертіп отыр.
Айта кетсек, марафон төмендегі екі бағыт бойынша өтеді:
1) 18 жастан асқан қатысушылар үшін 42,2 шақырым қашықтық: Старт «ЭКСПО» аумағынан Рысқұлов – Қабанбай батыр – Ұлы дала көшелерімен Нәжімеденов көшесіне дейін. Одан бұрылып, қайтадан Ұлы далаға, одан әрі К1 – Оңтүстік және Оңтүстік-батыс айналма жолы – Қарқаралы – Қабанбай батыр – Хусейн бен Талал – Қабанбай батыр – Рысқұлов көшесі және «ЭКСПО» аумағындағы мәреге дейін.
2) 16 жастан асқан қатысушылар үшін 10 шақырым қашықтық:
Старт «Экспо» аумағынан Рысқұлов – Қабанбай батыр көшесімен «Будапешт» ТК ауданындағы бұрылыс – Қабанбай батыр – Орынбор – Мәңгілік ел – Рысқұлов және «ЭКСПО» аумағындағы мәреге дейін.
Сол себепті, Астана қаласының полиция департаменті қауіпсіздік сақтау және көлік кешігулерін болдырмау мақсатында елорда тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру маршруттарын алдын ала жоспарлауды, көшелердің жабық учаскелерін айналып өтуді және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.