Ведомство «Алтын белгі» беру туралы қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасады. Биылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша үздік оқушылар және соңғы үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер қажет болған жағдайда қорытынды емтихандардан босатылып, үздік белгісін алады.
11-сынып түлектері халықаралық олимпиадаларға дайындалу үшін оқу-жаттығу жиындарына қатысқан жағдайда қорытынды аттестациядан босатылуы мүмкін.
«Бұған дейін «Алтын белгіге» үміткер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары қорытынды аттестация кезінде жазғы оқу-жаттығу жиындарында болып, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға дайындалып, емтихан тапсыра алмаса, автоматты түрде «Алтын белгі» белгісінен айырылатын. Енді түлектер оны ала алады. Ол үшін «үздік» деген баға болуы керек. Қазір дарынды балаларды қолдау мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өзгеріс те балалардың мүддесі үшін қабылданды», — деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.