Криминалдық полицияның мәліметінше, 41 жастағы баукеспе қоғамдық көлікте ұрлық жасаумен айналысқан. Жақында ол 201-бағыттағы көлікте жолаушының ұялы телефонын ұрлап, иесіне 380 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалды полиция қызметкерлері Әуезов аудандық ПБ әріптестерінің көмегімен 41 жастағы Х. есімді азаматты ұстады.
«Ұстау кезінде одан бес мобильді құрылғы тәркіленді. Күдікті бұған дейін де бөтен адамның мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», — дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.