Первомай тоғандарына барып құйылатын Тереңқара өзенінің бойы қолдан жасалған қоқыс полигонына айналып барады. Алматы облысына қарасты «Дружба» саяжайының халқы жерді иеленіп алған пысықайлар жасыл желекті алқапты қоқыс төгетін жерге айналдырғанын айтады.
Олардың айтуынша, бұл полигонға қалдықтар бүкіл ауданнан және тіпті жақын аймақтардан жеткізіледі. Тұрғындар өзенді мұндай сұмдықтан құтқару туралы өтінішпен жергілікті билікке жүгінген. Бұрын бұл жерде балалар футбол ойнаған. Енді бұл маң биіктігі он метрден асатын қоқыстан көрінбейді. Құрылыс және қатты тұрмыстық қалдықтар тау болып үйіліп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, мұнда қоқыс әкелетін жүк көліктерінің шаңдатқанынан үйлер көрінбей қалады.
«Өткенде өртенді. Өрт сөндіру көлігі әрең келіп, өшірді. Бізбен хабарласпайды. Қожайыны бар дейді. Белгісіз, Жанболат, Абай, Болат деген жігіт менікі дейді», – деді «Дружба» бау-бақша тұтынушылары кооперативінің төрағасы Нұржан Қабдуәлиев.
Қоршаған ортаны ластап, халықты әбігерге салып жүргендердің кім екеніне қатысты әкімдіктегілер жауап бере алмады.
«Біз құжаттарды толығымен тексереміз. Қожайындарын шақырамыз. Олар ескерту алды. Бұдан кейін айыппұл салынады. Жалпы, біз оны тоқтатуға уәде береміз», – деді Казцик ауылдық округі әкімінің орынбасары Айсұлу Италмасова.
Дегенмен полигонның иесі кім деген сұрақ жауапсыз қалды. Ал тұрғындар жағдайды өз қолымызға аламыз деп отыр.